Жартылай ауыр салмақтағы абсолютті чемпион, төрт дивизионда әлем чемпиондығын бағындырған аңыз спортшы Рой Джонс қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлының төңірегіндегі допинг дауына пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
Жағдайға қатысты ойын айтқан Рой Джонс асығыс шешім шығаруға болмайтынын жеткізді.
"Иә, Жәнібек Әлімханұлы туралы білемін. Допинг мәселесіне келсек, нақты ештеңе айта алмаймын. Бүгінде допингтің түрі өте көп, ал спортшылар әртүрлі параметр бойынша тексеріледі. Сондықтан бірден кесіп айту қиын. Маған белгілісі – әдетте екі үлгі алынады. Егер біріншісінде күдік туса, екіншісін тексереді. Ал екінші сынама таза болса, спортшы кінәлі деп саналмайды", – деді Рой Джонс.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш белбеу үшін өтетін біріктіру жекпе-жегіне шығуы керек еді. Алайда қазақ боксшысының допинг-тесті оң нәтиже көрсетіп, айқас тоқтатылған болатын.