Танымал боксшы Дулат Бекбауов допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін екі жылға ресми түрде дисквалификация алды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) атынан қазақ спортшысына қатысты санкция қолданылғанын мәлімдеді. Дулат Бекбауов IBA ADR ережелерінің 2.4-бабын бұзған –12 ай ішінде спортшының орналасқан жерін үш рет дұрыс көрсетпеуі антидопинг ережесін бұзу болып саналады.
Агенттік мәліметінше, боксшы тағылған айыптарға қарсылық білдірмеген. Осыған сәйкес, IBA ADR ережелерінің 8.3.3-бабына сүйене отырып, ITA спортшыны 2025 жылдың 18 қарашасынан 2027 жылдың 17 қарашасына дейін барлық жарыстардан шеттету туралы шешім шығарды. Сонымен бірге 2025 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі барлық нәтиже күшін жойды.
Бұл шешім CAS-тың (Спорттық төрелік соты) апелляциялық бөлімінде IBA ADR ережелерінің 13.2.3-бабы бойынша шағымдануға болады.
ITA ұйымы осы жағдайға байланысты қосымша түсініктеме бермейтінін хабарлады.