"Мүлде орынсыз әрекет": Қаржаубай Нұрымов неге сотқа қатысудан бас тартты? (видео)

18 маусым, 2025 / Ахмет Қанатұлы

Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі аяқталғанымен, бұл іске қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылуда. Солардың бірі – марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымовтың сот отырыстарына толық қатыспауы. Бұл шешімге қатысты кейбір азаматтар түсінбеушілік танытып, тіпті оны заң аясында міндетті қатысушы ретінде көрсетуге тырысты.

Алайда танымал адвокат Жохар Өтебеков журналис Назымгүл Күміспаеваның YouTube арнасына берген сұқбатында бұл жағдайды құқықтық тұрғыдан түсіндіріп, Қаржаубайдың әрекетін заңды және этикалық жағынан ақтап шықты.

Жәбірленуші сотқа қатысуға міндетті ме?

Жохар Өтебековтің айтуынша, Қазақстан заңнамасында жәбірленушінің сот отырыстарына қатысуы міндетті саналмайды. Қылмыстық кодексте жалған жауап беру немесе куәлік етуден бас тартқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанымен, бұл ереже жәбірленушіге нақты қолданылған жағдайлар іс жүзінде жоқтың қасы.

«Иә, заң бойынша жәбірленуші жауап беруден бас тартса, жауапкершілік көзделген. Бірақ мен мұндай жағдайдың Қазақстанда нақты тіркелгенін көрген емеспін. Сондықтан Қаржаубай мырзаны осы баппен қорқыту – мүлде орынсыз әрекет», – дейді Өтебеков.

Қаржубай Нұрымов сотқа неге толық қатыспады?

Сот процесінде Қаржаубай Нұрымов тек кейбір кезеңдерде, атап айтқанда, өзінің немесе негізгі куәлардың жауаптары кезінде ғана келіп отырған. Бұл – заңмен тыйым салынған іс емес. Керісінше, сот жәбірленушінің жеке жағдайына түсіністікпен қарап, оны толық қатысудан босата алады.

«Ол сотта жауап берді, өз пікірін білдірді. Содан кейін соттан әрі қарайғы процестерден босатуды сұрауға толық құқығы болды. Сот мұндай өтініштерге әдетте түсіністікпен қарайды. Сондықтан бұл жерде ешқандай заңбұзушылық немесе “катастрофа” болған жоқ», – дейді адвокат.