Танымал адвокат Жохар Өтебеков журналист Назымгүл Күмісбековаға берген сұхбатында Шерзат Полаттың өліміне байланысты іске қатысты өз пікірін білдірді. Ол адвокат пен клиент арасындағы құпия ақпараттың сыртқа жария болуын қатаң сынға алды.
«Адвокаттық құпия – ең басты ұстаным»
Жохар Өтебековтің айтуынша, адвокат пен клиенттің арасындағы хат алмасу, жеке әңгімені көпшілікке жариялау — кәсіби этикаға мүлде сай емес.
«Ешқашан, еш жағдайда – тек клиент адвокаттың үстінен ресми түрде арыз түсірген кезде ғана — жазысқан хатты немесе жеке сөйлесуді жариялауға болады. Бұл – заңгерлік емес, адамдық этиканың да талабы», – деді ол.
Адвокат мұндай әрекеттердің қазіргі қоғамда сәнге айналып бара жатқанын айтып, тіпті кейбір сұлулық салондары мен мекемелердің де клиенттермен жазысқанын желіге шығарып жатқанын мысалға келтірді.
«Жаңа адвокаттарды кінәлау – орынсыз»
Жохар Өтебеков бұрынғы адвокаттардың істі жаңа қорғаушыларға толық бермей тұрып, оларды сотқа дұрыс дайындамадыңдар деп кінәлауы әділетсіз екенін айтты.
«Істі енді ғана қабылдаған адвокаттар қалай бірден дайын болсын? Олар барлық құжатты толық алмастан бұрын жауапкершілік артудың өзі дұрыс емес», – деді заңгер.
«Қаржаубай арыз түсіре ала ма? Иә. Бірақ ол ондай қадамға бармайды»
Сұхбат соңында Өтебеков марқұм Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов адвокаттар алқасына арыз жазып, адвокаттық құпияның бұзылғаны жайлы шағымдана алатынын атап өтті. Алайда оның ондай қадамға бара қоюы екіталай екенін де жеткізді.
«Иә, заң жүзінде Қаржаубай мырза шағым түсіре алады. Бірақ меніңше, ол ондай әрекетке бармайды», – деді Жохар Өтебеков.