Америкалық журналист әрі Халықаралық бокс даңқ залына үміткерлерді таңдауға дауыс беретін жандардың бірі Мэттью Агилар орта салмақтағы экс-чемпион Геннадий Головкиннің тізімге енуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Кеше Головкиннің Халықаралық бокс даңқ залына енгізілетін спортшылар қатарына таңдалғаны белгілі болды. Салтанатты енгізу рәсімі 2026 жылдың жазында өтеді.
Агилар өз жазбасында GGG-дің бұл жетістігіне ерекше қуанышын жасырмады.
"Халықаралық бокс даңқ залының 2026 жылғы құрамына енген жандарды құттықтаймын. Мен дауыс берген екі спортшы – Геннадий Головкин мен Найджел Бенн іріктеуден өтті. Әсіресе GGG үшін қуаныштымын. Ол Хаглер мен Хопкинспен қатар, көргенімдегі ең үздік орта салмақ боксшыларының бірі", – деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде.