Ауыр атлетикадан екі дүркін әлем чемпионы Светлана Подобедова екінші рет ана атанды. Бұл қуанышты жаңалықты спортшы өзі әлеуметтік желіде бөлісіп, көпшіліктен сүйінші сұрады, деп хабарлайды Penalty.kz.
"Менің отбасым тағы бір жақсы адамға көбейді", – деп жазды Подобедова өз парақшасында.
Спортшы бүгінде жары Нұрлан Қарабалинмен бірге алты жастағы Руслан есімді ұлды тәрбиелеп отыр. Нұрлан Қарабалин – аралас жекпе-жектен Астана қаласында жаттықтырушы. Ал Светлана спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Қорғалжын ауданына келін болып түсіп, әйелдерге арналған фитнес-бапкер қызметін атқарып жүр.
Желі қолданушылары оның декреттік демалыста жүргенін байқамай қалғандарын айтып, күтпеген қуанышты жаңалыққа шын жүректен қуаныш білдірді. Көпшілік спортшыға ақ тілегін жаудырып, сәбиінің дені сау, бақытты болып өсуіне тілек жолдады.
Айта кетейік, 2016 жылы Светлана Подобедова допинг дауына іліккен еді. Соның салдарынан оның Лондон Олимпиадасындағы нәтижесі ХОК шешімімен күшін жойған. Ол сол алтын медальді қайтаруы тиіс болғанымен, жүлдені жоғалтып алғанын мәлімдеп, ұйымға тапсырмаған. Дегенмен, Светлана – әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы, бір мәрте күміс иегері, 2009 жылғы Азия чемпионы және 2010 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы.