Сербияның танымал теннисшіcі, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Ана Иванович неміс футболшысы, футболдан әлем чемпионы Бастиан Швайнштайгермен ажырасуға өтініш берген, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Германияның Spiegel басылымының жазуынша, 38 жастағы Иванович Мюнхен қалалық сотына жүгінген. Ол бұрынғы күйеуінен алимент өндіріп алуды көздеп отыр.
Жұлдызды спортшылардың ажырасқаны туралы алғашқы ақпарат көктемде шыққан еді. Сол кезде БАҚ спортшылардың Brax киім брендімен 2027 жылға дейінгі жарнамалық келісімшарты олардың жұп ретінде бірге болуына негізделгенін жазған болатын.
Иванович пен Швайнштайгер 2014 жылы қарым-қатынастарын бастаған. 2016 жылдың маусымында жұп Венецияда үйленген. Олардың үш ұлы бар: Лука, Леон және Тео.
Теннисші Ана Иванович кәсіби мансабын 2016 жылы аяқтады. Оның қоржынында WTA турнирлерінің 15 жеңісі бар, соның ішінде 2008 жылғы "Ролан Гаррос" турнирінің чемпионы атанған.
41 жастағы Бастиан Швайнштайгер "Бавария" сапында сегіз дүркін Германия чемпионы, жеті Кубок пен екі Суперкубоктың иегері, сондай-ақ Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанған. Ол мансабын 2019 жылы аяқтады.