АҚШ-тың спорт шолушысы Буг Уильямс қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлының болашағына қатысты өз болжамын жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Еске салайық, жақында Жәнібектен алынған допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний табылғаны белгілі болды. Соның салдарынан Эрисланди Ларамен үш чемпиондық белбеу үшін жоспарланған айқас күшін жойды. Егер "В" сынамасы да осындай нәтиже көрсетсе, боксшы IBF және WBO титулдарынан айрылуы мүмкін.
Буг Уильямс әлеуметтік желідегі жазбасында осы жағдайдың салдары өте ауыр болуы ықтимал екенін атап өтті. Ол жазбасына бір адамның жабық есікке қайта-қайта кіре алмай тұрған "бейнесін" тіркеп қойып, жағдайды былай сипаттады:
"Бұл – Top Rank-тың Жәнібекке деген қазіргі көзқарасын дәл бейнелейді. Ол онсыз да нарықта аса сұранысқа ие емес еді. Оған қарсылас табу Top Rank үшін қиын болатын. Егер белбеулерінен айырылса, ол көпшілік үшін жай ғана "Қазақстаннан шыққан кездейсоқ боксшы" болып қалады", – деп жазды сарапшы.
Уильямстың пікірінше, титулдарынан айырылу Жәнібектің мансабына үлкен соққы болмақ. Бокс саласында чемпиондық белбеулердің маркетингтік маңызы зор, ал титулсыз күйде боксшының беделі де, оған деген қызығушылық та төмендеуі мүмкін.