Кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы Карлос Адамеспен келесі міндетті жекпе-жекті өткізуге ресми үміткер атанды, деп Sportinside.kz тілшісі The Ring басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Таиландта өткен Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) конвенциясында бірқатар міндетті жекпе-жектер бекітілді. Нәтижесінде орта салмақтағы чемпион Карлос Адамес рейтингтің бірінші нөмірінде тұрған қазақ боксшысы Мейірім Нұрсұлтановпен кездесуі тиіс.
Нұрсұлтанов соңғы жекпе-жегін 2023 жылдың күзіне қарай Ташкентте өткізіп, чилилік Хулио Аламосты төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңген еді.
Ал Карлос Адамес соңғы рет биыл ақпанда рингке шығып, британдық Хамза Ширазбен тең түскен.
Еске сала кетейік, осы салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулер Жәнібек Әлімханұлына тиесілі. Ол алдағы демалыста WBA чемпионы Эрисланди Лараға қарсы шығуы керек еді. Алайда Әлімханұлының допинг-сынамасынан тыйым салынған препарат табылғандықтан, айқас кейінге қалдырылды.