Іштен шыққан іріткі: Жәнібек Әлімханұлының допингіне кім кінәлі?

Бүгін, 11:41 / Ахмет Қанатұлы
Janibek Alimkhanuly team

WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының командасы боксшының допинг-сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты табылуына байланысты ресми пікірін жариялады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Допинг-тесттің оң нәтижесі салдарынан 7 желтоқсанда АҚШ-та өтуі тиіс болған WBA чемпионы Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жек өтпейтін болды. WBO бұл жағдай бойынша ішкі тергеу басталғанын хабарлады.

Команда мәлімдемесінде былай делінген:

"Бұл жаңалық бізді қандай таңғалдырса, жанкүйерлерді де дәл сондай күйге түсіргенін білеміз. Көпшіліктің көңілі түскенін сезіп тұрмыз. Өйткені бізді қолдап, жанашырлық танытатындар өте көп. Өкінішке қарай, бұл жолы күткен жекпе-жек болмайды. Біздің таңғалуымыздың себебі – VADA-ның алғашқы сынамасының таза шыққаны туралы ақпарат алдымен келді. Ал кейінірек екінші сынамадан күмән тудырған көрсеткіш табылғаны хабарланды. Бірінші және екінші тест арасында біз не тамақтануымызды, не витаминдер қабылдау тәртібін өзгерткен жоқпыз. Мұндай нәтижеге не себеп болғанын түсіне алмай отырмыз. Осы уақытқа дейін көп еңбектендік, қан төгіп, тер төктік. Төрт айдан бері өзге елде жүрміз, отбасымыздан жырақта үлкен шығындар көтердік. Бұл хабар біз үшін өте ауыр тиді. Біздің команда әрқашан таза спортты қолдайтынын айтып келді. Қазір жағдайды менеджерлер мен заңгерлер қарап жатыр. Біз қайта сынама тапсыруға рұқсат сұрадық. Сонымен қатар бұрын алынған сынаманың екінші бөлігін зертханалық тексеру жүріп жатыр. Сарапшылардан ақпарат күтіп отырмыз. Үлкен спортта әртүрлі қиындықтар болады. Құдай қаласа, бұл сынақтан да өтеміз! Ең бастысы – мойымай алға жүру. Барлық қолдау көрсеткендерге үлкен алғыс айтамыз. Құрметпен, Qazaq Style командасы".

Тэгтер:

Бокс Жәнібек Әлімханұлы допинг