Бокстан халықаралық Даңқ залы жаңа үміткерлердің есімдерін келесі бейсенбіде, 4 желтоқсанда жариялайды. Айта кетейік, кандидаттар тізіміне қазақстандық Геннадий Головкин де енгізілген, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Ұйымның мәліметінше, жеңімпаздар ерлер мен әйелдер арасындағы қазіргі заман боксшылары, сондай-ақ ардагерлер мен бақылаушылар арасынан таңдалып алынады.
Даңқ залына қабылдау үшін дауыс беруді Американың Бокс журналистері қауымдастығының мүшелері мен халықаралық бокс тарихшылары жүргізеді. Сайлаушылар қатарында Жапония, Англия, Канада, Аргентина, Аустралия, Нидерланды, Германия, Мексика және АҚШ өкілдері бар.
"Даңқ залының жыл сайынғы жаңа мүшелерді жариялауы – бүкіл бокс әлемі үшін ерекше әрі көптен күткен сәт. Біз әлемдік бокс қауымдастығын бокстың отанында қарсы алып, жаңа мүшелерді салтанатты түрде қабылдауды асыға күтеміз", – деді ұйымның атқарушы директоры Эдвард Брофи.
Жаңа мүшелер Нью-Йорк штатының Канастота округінде өтетін ресми қабылдау рәсімінде Даңқ залының алтын сақинасын алады.