АҚШ-та 20 жастағы баскетболшы Итан Диц ойын барысында алған жарақат салдарынан қайтыс болды. Бұл қайғылы хабарды Оклахомадағы Коннорс колледжінің өкілдері растады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Оқиға өткен сенбі күні Жасөспірімдер колледждері ұлттық спорт қауымдастығы өткізген матч кезінде болған. Ойын барысында Диц ауыр жарақат алған, алайда колледж басшылығы жарақаттың нақты қандай болғанын жарияламады.
Сейсенбі күні таңертең спортшы жарақатының салдарынан көз жұмғаны белгілі болды.
Қайғылы оқиғадан кейін 25 қарашадан 1 желтоқсанға дейін колледждің ерлер және әйелдер баскетбол командаларының барлық матчтары тоқтатылды. Сол күні оқу орнында Итан Дицті еске алу кеші өтеді.
Белгілі болғандай, қайтыс болған спортшы колледждің екінші курсында оқыған және командада форвард позициясында ойнаған.