фото: ашық дереккөзден
Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан халықаралық оқу-жаттығу жиынына қатысуды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері Тулкин Киличев Instagram парақшасында қазақстандық әріптестермен болған ерекше сәттің видеосын жариялады. Кадрларда Қазақстан командасының бапкерлік штабы, құраманың бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов бастаған делегация өзбек бапкерлеріне арнайы сыйлықтар тапсырып жатқанын көруге болады.
Қазақстан құрамасының атынан Киличевке ҚФБ сыйлаған естелік мүсін және ШҚО бокс федерациясы атынан табиғи қоспалар жиынтығы тапсырылған. Ал Өзбекстан құрамасының аға бапкері Рахматжон Рузияхуновқа алтын боксшы бейнеленген статуэтка сыйға берілді.
Сыйлықты алғаннан кейін Тулкин Киличев жылы лебізін білдірді:
"Алдағы Олимпиадада да, одан кейінгі жарыстарда да Қазақстанмен бірге алтын жүлдені бөлісуді нәсіп етсін", – деді ол.
Айта кетейік, Ташкенттегі халықаралық оқу-жаттығу жиыны 19 қарашада басталған. Оған Қазақстан құрамасының негізгі және қосалқы спортшылары, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Таиланд командалары қатысып жатыр.