Қазақ балуан Нұрқожа Қайпанов өзіне өткен жылы Астанадан берілген пәтер кілтін әлі ала алмай жүргенін айтты, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бұл туралы ол спорт журналисі Аслан Қаженовке берген сұқбатында айтты.
– Өткен жылы әлем чемпионы атандыңыз, дұрыс па?
– Иә.
– Сол кезде сізге пәтер сертификаты табысталды. Пәтердің кілтін алдыңыз ба?
– Жоқ. Сертификат берілді, бірақ пәтер кілті жоқ. Бұл мәселе созылып кетті.
– Бір жыл өтті, бірақ пәтер әлі жоқ па?
– Иә, бір жыл өтті. Әзірге қолда бар жалғыз нәрсе – сертификат.
– Бұл сертификатты Астанадағы үлкен жиында, федерацияның қорытынды отырысында тапсырды, иә?
– Иә, федерацияда, жыл қорытындысы бойынша.
– Сонда олар ештеңеден қорықпайтын сияқты: сертификатты береді, бірақ әлем аренасында Қазақстанның намысын қорғап жүрген спортшыға пәтерді бермейді. Бұл ұят жағдай ғой.
– Не айтарымды білмеймін. Қазіргі таңда нақты ақпарат жоқ.
– Осы видео жарыққа шыққаннан кейін, мүмкін, ойланатын шығар. Айтылған сөз – атылған оқ.
– Егер берсе, әрине, жақсы болар еді.
– Жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алуыңызды тілеймін. Жалдамалы үйде тұра бермесеңіз екен. Қазір қайда тұрасыз?
– Талғар қаласында.
Айта кетейік, Нұрқожа Қайпанов – 2024 жылғы еркін күрестен әлем чемпионы, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы (2019, 2021, 2025). Сондай-ақ спорттағы жоғары жетістіктері үшін "Құрмет" орденімен марапатталған.