Су жаңа президент Головкин бүткіл елді толғандырған 5 мәселені шеше ала ма?

Бүгін, 23:43 / Ахмет Қанатұлы
olympic.kz. Суретте: Геннадий Головкин

23 қарашада Римде өткен жиында Қазақстан ҰОК басшысы Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланды. Sportarena.kz тілшісі жаңа басшыға қатысты ең маңызды бес сұрақты түзіп шықты, деп жазады Sportinside.kz.

1. Бокс төрешілерінің әділетсіздігі жойыла ма?

Бокс әлемінде төрешілердің әділетсіз шешімі қалыпты құбылысқа айналған. Бұл сөз тіпті тұрақты тіркес сияқты қолданылып жүр. AIBA көптеген жылдар бойы рингтен тыс қабылданған даулы шешімдер үшін сын астында болды. Ұйым атауынан "A" әрпін алып тастағаннан кейінгі IBA да жағдайды айтарлықтай өзгерте алмады, бәлкім өзгертуге құлықсыз болды. Дәл осы шешімдерге бақылау жүргізе алмауы – Халықаралық Олимпиада комитетінің ұйымды олимпиадалық қозғалыстан шеттетуінің басты себебі.

World Boxing-тің ХОК тарапынан уақытша танылуы Головкинге "жайлы тыныштық" сыйламауы тиіс. Бұл мәртебе әзірге уақытша ғана. Тұрақты олимпиадалық мәртебе Лос-Анджелес-2028 ойындарынан кейін ғана шешіледі. Ал онда төрешілер дауы туындауы әбден мүмкін.

GGG сайлау алдындағы бағдарламасында төрешілер жұмысын бақылауға жасанды интеллект енгізу туралы айтты. Бірақ AI – болашақтың ісі. Ал қазір-ақ Головкин қабылдай алатын маңызды үш қадам бар:

Қазір төрешілер IBA-дан World Boxing-ке еркін ауыса алады, жауапкершілік сезінбейді және қандай жағдайда да жұмысын жалғастыратынын жақсы біледі. Тіпті кейбір елдің төрешілері басқа елде төрелік етіп, сол елдің боксшыларын ашық қолдап жатады.

GGG осы түйткілді шешуге дайын ба?

2. Геннадий Головкин World Boxing пен Қазақстан ҰОК басшылығын қатар алып жүре ала ма?

Бұл – маңызды сұрақ. Көпшілік халықаралық ұйым басшысы болуды салтанатты қызмет деп ойлауы мүмкін, бірақ шын мәнінде бұл – үлкен жауапкершілік.

Халықаралық федерация президенті стратегиялық, қаржылық, медиа және басқару мәселелеріне жауапты. Головкин бұл қызметті ҰОК-тегі рөлімен қатар алып жүре ала ма? Және бұл жағдай Қазақстан құрамасының бәсекелестері тарапынан мүдделер қақтығысы ретінде бағаланбай ма?

3. IBA-мен қарым-қатынас қалай болады?

Әуесқой бокстағы екі негізгі ұйым – параллель әлемдерде өмір сүріп жатқандай. Умар Кремлёв басқаратын IBA қаржылай өте ауқатты: боксшыларға, жаттықтырушыларға, федерацияларға жомарт сыйақылар таратады. World Boxing болса, әзірге уақытша олимпиялық монополияға ие, алайда чемпионат жеңімпаздарына сыйақы төлемейтін ұйым ретінде сынға ұшыраған.

Жаңа президент Головкин IBA-мен қандай қарым-қатынас ұстанады? Қақтығыс тереңдеп, екі жақ федерацияларды таңдау жасауға мәжбүрлей ме? Мұндай жағдай боксшылардың World Boxing-тен кетуіне немесе елдерде үшінші альтернативалық ұйымдардың пайда болуына әкелуі мүмкін.

4. Кәсіби көзқарас қажет

Сайлауалды бағдарламасында GGG көптеген уәде айтты, бірақ басты мәселе – боксшыларға төленетін сыйақы жүйесі назардан тыс қалған сияқты.

Головкин әуесқой боксшыдан миллиондарына ие болған кәсіпқой жұлдызға дейінгі жолдан өтті. Ол World Boxing-тегі қазіргі жүйе жас боксшылардың кәсіби рингке ерте кетуіне алып келетінін түсіне ме?

AIBA кезінде WSB (World Series of Boxing) жобасын енгізген: бес раундтық жекпе-жектер, легионер шақыру мүмкіндігі, өте жоғары деңгейдегі бәсекелестік. Бұл серия Уcик пен Ломаченко сияқты жұлдыздарды шыңдады – екеуі де Астанада жұдырықтасқан.

Головкин осындай форматтағы жаңа серияны қолға алуды жоспарлай ма? Бұл әуесқой боксқа жаңа тыныс беріп, болашақ кәсіпқойлар үшін мықты база болар еді.

5. Жеңіл салмақтағы боксшылардың мәселесі

Биыл ХОК пен World Boxing Парижден кейінгі Олимпиада үшін жаңа салмақ дәрежелерін бекітті. Ең жеңіл салмақ – 55 кг болып белгіленді.

2016 жылы ең төменгі салмақ – 48 кг, 2024 жылы – 51 кг болатын. Осылайша ең мықты және бәсекелі салмақ санатында жұдырықтасатын спортшылар Олимпиада мүмкіндігінен тыс қалды.

Мысалы, әлемнің екі дүркін чемпионы Санжар Тәшкенбай, Олимпиаданың екі дүркін чемпион Хасанбой Дусматов, кубалық Алехандро Кларо және Үндістан, Жапония, Моңғолияның көптеген мықтылары енді Олимпиадаға қатыса алмайды.

48 кг салмағында жұдырықтасатын боксшының 55 кг салмаққа бірден ауысуы мүмкін емес. Дәл осы себепті Санжар Тәшкенбай да тамаша бабында болса да, Олимпиададан тыс қалғалы тұр.

Бұл спорттық әділдік пе, Геннадий Геннадьевич?

Тэгтер:

Геннадий Головкин президент