Америкалық телепродюсер Марк Ортега Геннадий Головкин мен Жәнібек Әлімханұлы арасындағы мүмкін жекпе-жекті Қазақстанда ұйымдастыруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл кездесу еліміз үшін тарихи оқиға болар еді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Марк Ортега Геннадий Головкиннің рингке қайта оралып, қоштасу жекпе-жегін өткізу мүмкіндігі туралы айтқан сөзінен кейін осындай ұсыныс білдірді. Телепродюсердің пікірінше, бұл бәсеке үшін ең лайық қарсылас – қазіргі орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы.
Ортега бұл жекпе-жектің тарихи маңызын ерекше атап өтті:
"GGG мен Жәнібек арасындағы кездесу – Қазақстан тарихындағы ең ірі бокс кеші болар еді", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жәнібек Әлімханұлын жанкүйерлер мен сарапшылар ұзақ жылдар бойы Геннадий Головкиннің мұрагері ретінде атап келеді. Екеуінің стильдік ұқсастығы да жиі айтылады. Итальяндық OASport.it басылымы да Жәнібекті "GGG-дің ізбасары" деп атаған.
Алайда Әлімханұлы бірнеше рет өз жолын қалыптастырғысы келетінін айтып, өзін Головкинмен салыстырмауды сұраған болатын. Ол "қазақ стилінің" Головкиннен әсер алғанын мойындағанымен, өзінің жеке қолтаңбасын қалдыруды мақсат етеді.