Қазақстан футбол федерациясы ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Серік Бердалиннің 79 жасында дүниеден өтуіне орай жақындары мен туған-туыстарына терең қайғырып, көңіл айтады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Қарағанды футболының түлегі Серік Сәрсембайұлы «Шахтёр» және «Металлург/Строитель» клубтарының сапында өнер көрсетіп, кейін «Шахтёр», «Ертіс» және «Жетісу» сияқты бірнеше қазақстандық командада бапкерлік және басшылық қызметтер атқарды. Оның жетекшілігімен «Шахтёр» 1995 жылы, ал «Ертіс» 1998 жылы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды.
1995-1997 жылдары Серік Бердалин Қазақстан ұлттық құрамасын басқарды. 2003–2008 жылдары Қазақстанның Туризм және спорт агенттігінде футбол бойынша мемлекеттік жаттықтырушы қызметін атқарды.
Серік Сәрсембайұлы – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткері, сондай-ақ 1995 жылғы елдің үздік футбол жаттықтырушысы атағының иегері.
Қазақстан футбол федерациясы марқұмның отбасы мен барша жақындарына қайғыға ортақтасып, шын жүректен көңіл білдіреді.