фото: Erik Verduzco / Las Vegas Review-Journal. Суретте: Геннадий Головкин
Орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, қазіргі таңда World Boxing ұйымының президентіне үміткер Геннадий Головкин (GGG) мансабын ресми аяқтау және мүмкін болатын қоштасу жекпе-жегі туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Головкиннің айтуынша, егер ол WB президенті болып сайланса, рингке қайта оралу ықтималдығы айтарлықтай төмендейді.
"Егер World Boxing президенті қызметіне менің кандидатурам қабылданып, сайлау сәтті өтсе, мен бокстан кететінімді ресми түрде жариялаймын. Дегенмен… қайта оралу мүмкіндігі әрқашан бар. Себебі мен өзімді үнемі формада ұстаймын, спорттық өмір салтын жалғастырып келемін. Сондықтан рингке қайта шығу нұсқасын толығымен жоққа шығаруға болмайды", – деді 43 жастағы Геннадий BBC-ге берген сұхбатында.
Айта кетейік, Геннадий Головкин соңғы рет 2022 жылы Сауль "Канело" Альвареспен үшінші кездесуде жұдырықтасып, төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңілген болатын. Сол уақыттан бері рингке шықпағанымен, GGG әлі күнге дейін мансабын ресми аяқтағанын жариялаған жоқ.