2022 жылдың қыркүйегінен бері жекпе-жекке шықпаған әйгілі қазақстандық боксшы, бұрынғы әлем чемпионы Геннадий Головкин кәсіби рингке қайта оралғысы келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
GGG соңғы рет 2022 жылдың 17 қыркүйегінде Лас-Вегаста мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен үшінші мәрте кездесіп, төрешілердің шешімімен жеңіліп қалған еді. Сол жекпе-жектен кейін Головкин рингке шықпай келе жатқанымен, мансабын аяқтағанын ресми жариялаған жоқ.
43 жастағы Головкин соңғы жылдары спорттық менеджментке басымдық беріп келеді. 2024 жылғы 26 ақпанда – Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті болып сайланды. Сол жылдың қыркүйегінде – жаңа халықаралық World Boxing ұйымының Олимпиадалық комиссиясын басқарды.
Оның бұл қызметі бокстың Олимпиада бағдарламасында қалуына зор үлес қосты. Соған қарамастан, GGG бокстан біржола алыстамағанын айтып отыр. Азия бокс федерациясының президентінің міндетін атқарушы Пичаи Чунхаваджиреге берген сұхбатында Головкин рингке оралуға деген ықыласын жасырмады.
Пичаи Чунхаваджире Головкиннің жекпе-жектерін YouTube арқылы жиі көретінін айтып, келешекте World Boxing президенттігіне өтетін сайлауда оны қолдауға дайын екенін жеткізген. Ал GGG өзі боксқа деген сүйіспеншілігінің әлі де күшті екенін айтты.
"Бокс – менің өмірім. Әрдайым еңбектеніп келемін. Иә, 43 жастамын, бірақ жаттығуды тоқтатқан жоқпын. Мүмкін, тағы бір жекпе-жек өткізгім келетін шығар. Оны Қазақстанда ұйымдастырғым келеді", – деді ол.