Израиль мен Иран арасындағы геосаяси шиеленіс шарықтау шегіне жетті. Қос тараптан бірінен соң бірі жасалып жатқан мәлімдемелер мен шабуылдар әлем жұртшылығының назарын аударып отыр.
Соңғы кезекте Израильдің энергетика министрі Эли Коэн Иранға бағытталған қатаң мәлімдемесімен танылды. Оның сөзінше, «Израильде бүлінген әрбір ғимарат үшін Иран аумағындағы 100 нысан жойылады». Бұл пікір халықаралық ақпарат кеңістігінде кеңінен талқыланып, түрлі реакция тудырды.
Алайда Израиль Премьер-министрінің кеңсесі үкімет мүшелеріне Иран тақырыбы бойынша қандай да бір мәлімдеме жасауға тыйым салған. Соған қарамастан, Эли Коэн Бат-Ям қаласының маңында, Иранның түнгі зымыран соққысынан кейін орын алған жағдайды тексеріп, журналистерге пікір білдірді.
— Біз қазіргі таңда тарих беттерінде қалатын күндерді өткеріп жатырмыз. Көз алдымызда ауыр әрі қайғылы көріністер орын алуда, – деді Коэн.
Еске сала кетейік, бұған дейін Израиль тарабы Иранға қарсы ауқымды соққы жасаған болатын. Осы шабуылдардан кейін Тель-Авивтегі Қазақстан Республикасының елшілігі елдегі отандастарымызға қауіпсіздікке байланысты үндеу жасауға мәжбүр болды.
Израиль мен Иранның бір-біріне қарсы шабуылдары мен саяси мәлімдемелері Таяу Шығыстағы ахуалды күрделендіре түсуде. Сарапшылар бұл жағдайдың одан әрі ушығуына жол берілмеуін және тараптардың келіссөз үстеліне келуін талап етуде.