ММА жауынгері Қуат Хамитов Ресейдің үздік ММА ұйымдарының бірі – АСА лигасында ресейлік Алексей Махноға қарсы жекпе-жек өткізбейтін болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
АСА вице-президенті Асланбек Бадаевтың айтуынша, жекпе-жек шарттары бойынша тараптар келісімге келе алмаған.
"Қуат Махноға қарсы шығуға ниет білдірген еді, бірақ келіссөздер барысында ортақ шешімге келе алмадық. Кейін ол ақпан айындағы мерейтойлық турнирде ғана шығуға дайын екенін айтты. Біз оған "Махно дайын, күн де белгіленген, не шығасың, не басқа қарсылас іздейміз" деп жауап бердік. Жаңа ұсыныс жасадық, ол қарсыластар тізімінен хабардар", – деді Бадаев.
Айта кетейік, Қуат Хамитов бұған дейін АСА лигасында сәтті дебют жасап, ACA 194 турнирінде ресейлік Анатолий Бойконы (12-5) төрешілер шешімімен жеңген болатын. Сол жекпе-жектен кейін ол октагон ішінде бірден Алексей Махноға ресми түрде шақыру тастаған еді.