фото: instagram.com/kuat__khamitov. Суретте: Қуат Хамитов пен Еркебұлан Тоқтар
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат "Найман" Хамитов әріптесі Еркебұлан Тоқтармен бокс ережесі бойынша жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді, деп Sportinside.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның пікірінше, мұндай айқас қазақстандық жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып, жыл оқиғасына айналуы мүмкін.
"Қазақстандағы промоутерлердің турнир ұйымдастыру деңгейіне көңілім толмайды. Масштаб қайда, шоу қайда? Бәрі жасанды, бәрі өтірік! Жылдың ең айтулы жекпе-жегі – Қуат Хамитов пен Еркебұлан Тоқтардың кездесуі! Бұдан асып түсетін айқас отандық рингте болмайды!" – деп жазды спортшы Instagram парақшасында.
Қуат Хамитов кәсіпқой бокста әзірге бір ғана жекпе-жек өткізген. Өткен жылдың қыркүйегінде ол отандасы Нұрберген Шәріповті төрешілердің бірауыздан қабылданған шешімімен жеңген еді.
Ал Еркебұлан Тоқтар биылғы 16 тамызда Қонаев қаласында өткен Octagon 77 турнирінде ирандық Фарзад Гадеримен (18-15) кездесіп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жеткен. Бұл оның ММА-дегі 11-ші жеңісі болса, қарсыласы 16-шы рет жеңіліс тапқан.