фото: Қазақстан футбол федерациясы. Суретте: Рикардо Кака
Футзалдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Паулу Рикардо Фигейро да Силва (Кака) қызметінен кеткен соң жанкүйерлерге арнап мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Бразилиялық маман өзінің Instagram парақшасында Қазақстан құрамасындағы жеті жылдық еңбегіне қорытынды жасап, алғысын білдірді.
"Бүгін мен өмірімнің ерекше бір кезеңін – футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ретіндегі жеті жылдық жолымды тәмамдап отырмын. Бұл жылдар мен үшін үлкен еңбек кезеңі болды. Үлкен трофейлер болмаса да, күн сайынғы шағын, бірақ маңызды жеңістеріміз – нағыз табыстың белгісі. Бұл жеңістер біздің еңбегімізден, өмірлік тәжірибемізден және жанымыздағы адамдардың қолдауынан құралды. Біз бірге Қазақстан футзалының тарихында үлкен қадам жасадық – бұл қадамдар құштарлыққа, бірлікке және сенімге негізделді. Барлық әріптесіме және әсіресе ойыншыларға алғысымды білдіремін. Сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз маған әрдайым күш берді. Қазақстанға футзалда ғана емес, жалпы ел ретінде де өркендеу, даму және бақыт тілеймін. Әр қадамдарыңыз алға басқан, сенім мен мақтанышқа толы болсын! Мен бұл елден шексіз ризашылықпен, жылы естеліктермен және Қазақстанның жарқын болашағына деген сеніммен кетіп барамын", – деп жазды Кака.
Кака Қазақстан құрамасының бас бапкері болып 2018 жылдың күзіне тағайындалған еді. Оның жетекшілігімен Қазақстан алғаш рет 2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатының жартылай финалына шығып, төртінші орын алды. Ал 2022 жылы құраманы Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіне жеткізді.