фото: olympic.kz. Суретте: Махмұд Сабырхан
Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов жылдың соңына дейінгі жоспарларын бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Құрметті спорт сүйер қауым! Биылғы жылдың соңына таяп қалдық. Алда бізді маңызды дода – Әлем кубогы күтіп тұр. Қазіргі таңда ерлер және әйелдер құрамалары 1-10 қараша аралығында Алматы облысы, Жанашар ауылындағы оқу-жаттығу базасында дайындық өткізіп жатыр. Осы жиыннан кейін қос құрама 15-23 қараша аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында өтетін World Boxing Әлем кубогының финалдық кезеңіне аттанады. Қазақстан намысын бұл жарыста бес қыз және сегіз жігіт қорғайды. Құраманың нақты тізімі жасақталып, дайындық қызу жүріп жатыр", – деді Мерей Ақшалов.
Мерей Ақшаловтың айтуынша, жыл соңына дейін ел ішінде үш бірдей чемпионат өткізу жоспарланған.
"Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты Өскемен қаласында өтеді. Қыздар арасындағы (жастар және жасөспірімдер) чемпионат Таразда ұйымдастырылады. Ал ұлдар арасындағы (жасөспірімдер) біріншілік желтоқсан айында Алматыда өтеді. Бұл жарыстар біз үшін аса маңызды, өйткені олардың қорытындысы бойынша келер жылдың ұлттық құрамалары жасақталады. Келесі жылы жастар арасындағы әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындары өтеді. Сондықтан бұл бәсекелер – сол додаларға дайындықтың бір бөлігі", — деді ол.
Сондай-ақ желтоқсанның 13-14 күндері Қазақстан бокс федерациясының Кубогының финалдық кезеңі өтеді. Қазіргі таңда үш команда белгілі болса, төртінші команда жақын күндері анықталады.
"Міне, жыл соңына дейінгі басты жоспарларымыз осы. Алдағы уақытта жаңа мақсаттар мен міндеттерді бөлісетін боламыз, – деп қорытындылады Ақшалов.