"Ішкиімімді шешіп отырғанмын": әйелдер вагонына ер адамның кіріп кеткеніне бір жолаушы шағымданды

17 маусым, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Фото ашық дереккөзден

«SMARTNEWS.KZ» порталы хабарлағандай, «Маңғыстау – Семей» бағытындағы пойызда арнайы әйелдер вагонына билет алған жолаушы әйел өзін жайсыз сезінген жағдайға тап болды. Оның айтуынша, купеге пойыз қызметкері – ер адам кіріп, сұрақ қойған.

«Ішкиімімді шешіп отырғанмын»: жеке кеңістіктің бұзылуы

Жолаушы әйел арнайы әйелдер вагонын таңдауының себебін қауіпсіз әрі жайлы жол жүргісі келгенімен түсіндірді. Ол жағдайды былай баяндады:

«Жай ғана тыныш жетіп, демалып, қауіпсіздікте болғым келді. Ыстық болды, ішкиімімді шешіп отырғам. Сол сәтте ер адам кіріп келді де: “Командировочный керек пе?” деп сұрады. Егер бірдеңе қажет болса, өзім шығатын едім ғой. Онда әйелдер вагонының не керегі бар?»

Жолаушы бұл әрекетті жеке шекарасының бұзылуы деп бағалап, мұндай жағдай әйелдер вагоны деген ұғымның мәнін жоққа шығаратынын айтты:

«Біз мұндай билеттерді жайдан-жай алмаймыз. Бізге қауіпсіздік пен жайлылық керек. Бұл – каприз емес, бұл – базалық қажеттілік. Қызметкерлер де әйел болуы тиіс».

Компанияның жауабы

Бұл оқиғаға байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ түсініктеме берді. Ресми жауапқа сәйкес, №6 вагонға әйел жолсерік бекітілгенімен, ол сапар барысында өзін жайсыз сезінген (қызуы көтеріліп, басы айналған), сондықтан оның орнына ер адам – кезекші жолсерік уақытша міндетін атқарған.

«Ол тек қажетті қызметтік әрекеттермен шектелді. Бұл жағдай бойынша жолсерікпен түсіндіру жұмыстары жүргізілді және мұндай жағдайға болашақта жол берілмейді», – делінген компания мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, компания аталған жолаушыдан кешірім сұрады.

Әйелдер вагоны: не үшін қажет?

Қазақстанда әйелдер вагондары 2021 жылдан бастап енгізілді. Онда тек әйелдер мен 7 жасқа дейінгі ұл балалар ғана сапар шегуге құқылы. Жолсеріктер де – тек әйелдер. Мұндай вагондар қазіргі таңда келесі бағыттарда бар:

Астана – Семей

Ақтөбе – Алматы

Алматы – Маңғыстау

Маңғыстау – Семей

Атырау – Астана

Павлодар – Түркістан

Орал – Маңғыстау (1 маусымнан бастап)