"Сақ болыңыздар! Алданып қалмаңыздар": Тұрсынбек Қабатов шұғыл мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

4 қараша, 2025 / Admin
әлеуметтік желіден. Суретте: Мөлдір Мұқанова мен Тұрсынбек Қабатов

Белгілі әзілкеш әрі актер Тұрсынбек Қабатов әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, қазақстандықтарды интернет пен телефон арқылы әрекет ететін алаяқтардан сақтануға шақырды.

Өнер иесінің айтуынша, соңғы уақытта Батыс Қазақстан облысында, әсіресе Орал қаласында, өздерін банк не полиция қызметкері ретінде таныстырып, адамдарды алдап жүргендер көбейген.

"Құрметті достар, жерлестер! Батыс Қазақстан облысында, әсіресе Орал қаласында алаяқтар көбейіп кетіпті. Әсіресе ата-әжелер мен аға-жеңгелерге айтарым – өте сақ болыңыздар. Банктенмін деп хабарласып, "құжатыңызды жіберіңіз", "сізге СМС келеді, соны маған айтыңыз" деп алдайды екен. "Шотыңызды бұзайын деп жатыр", "сіздің атыңыздан кредит алып жатыр" деп сендіреді. Тіпті полицияданбыз деп хабарласып, "ұлыңыз бізде отыр, тәртіп бұзды" деп ақша сұрайтындар бар", – деді Тұрсынбек Қабатов.

Әзілкештің айтуынша, алаяқтар қоңырау кезінде банктің не полицияның фонын қосып, адамдардың сеніміне кіруге тырысады.

"Ондай адамдар өте айлакер келеді. Сондықтан да ешкімге жеке деректеріңізді, банк картасының нөмірін, құпия кодын бермеңіздер. Шын мәнінде банк те, полиция да телефон арқылы ақша сұрамайды. Сақ болыңыздар, алданып қалмаңыздар!" – деп ескертті әзілкеш.

Тэгтер:

Тұрсынбек Қабатов