"Бас сүйегінің 25%-ы жоқ": Мөлдір Мұқан Тұрсынбектің денсаулығы жайлы шындықты айтты

2 қараша, 2025 / Admin
ашық дереккөзден

Журналист Жанар Байсеміздің YouTube подкастында сұхбат берген продюсер әрі актриса Мөлдір Мұқанова бұрынғы күйеуі, танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовқа Алматыдағы ауруханалардың бірінде жасалған ауыр операция туралы айтып берді.

Мөлдірдің айтуынша, Тұрсынбек Қабатовтың басына ота жасалып, бассүйегінің 25 пайызы алынған. Алайда оған нақты не себеп болғанын ол білмейтінін айтты.
«Біреу ұрды ма, әлде құлады ма — білмеймін. Бірақ Тұрсынбектің өзі “құлап қалдым” деп түсіндірді. Адамның басы толық домалақ болса, соның төрттен бірі жоқ. Дәрігерлер бассүйегін қайта орнына сала алмай, орнына пластикалық қорғаныш қойған. Отадан кейін үйіне келіп, біраз уақыт емделіп жүрді. Ер адам болған соң, басына іс түссе, ең алдымен әйелін іздейді ғой, сондай сәттер болды. “Тұрсынбек, сен неге сондайсың?” деп күлетінмін. Өнер адамы да пенде ғой, ауырады. Сол кезде ел-жұрт, көрермен барлығы алаңдады. Біз де отбасымызбен уайымдадық», – деді Мөлдір Мұқанова.

Бұған дейін Тұрсынбек Қабатов та бұл жағдай туралы өзі әзіл аралас айтып өткен болатын.
«Басыма ота жасалды. Тромб болып, дәрігерлер басымның “қақпағын” алып тастады. Қазір алдарыңызға жартыбас болып шығып тұрмын. Көп сөйлеп кетсем, түсінерсіздер», – деп әзілдеген еді шоумен.