Абай облысындағы әйелдер колониясында жүректі жылытқан оқиға орын алды. Алаяқтық бабы бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылған 26 жастағы әйел жазасын өтеп, көптен күткен еркіндікке шықты.
Ол түрмеде болған жылдары аспаздың көмекшісі қызметін атқарып, адалдығымен, еңбекқорлығымен және тәртіпті мінезімен көзге түскен. Мекеме әкімшілігі оның жауапкершілігі мен өмірге деген оң көзқарасын ерекше атап өтті. Әйел өз үмітін үзбей, бар күшін балаларымен қайта қауышуға арнаған – оны сыртта төрт және алты жастағы екі баласы күтіп отырған.
Бостандыққа шыққан күні колонияның алдында әйелді Жетісу облысынан арнайы келген жары қарсы алды. Үш жыл бойы күткен ері мен жарының кездесу сәті көзге жас ұялатып, айналадағыларды толқытты. Бұл тек сағынышпен қауышқан отбасы емес, ананың жаңа өмірге қадам басқан символдық сәті еді.
Бостандыққа шыққан келіншек мекеме ұжымына ризашылығын білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
"Ең бастысы – қасымда отбасым мен балаларымның болуы. Мен осы күнді армандап өттім. Бұрын макияж шебері болып жұмыс істедім, енді сүйікті ісіме қайта оралғым келеді. Әдемілік пен қуаныш сыйлау – менің өмірлік мақсатым. Түрмеде өткізген жылдар маған өмірдің бағасын үйретті. Ендігі арманым – балаларыммен бірге жаңа өмір бастау", – деді ол.
№23 мекеме әкімшілігінің өкілдері әйелдердің қоғамға бейімделуін басты міндет деп санайтынын айтты.
"Біз сотталғандарға жазасын өтеу кезінде ғана емес, бостандыққа дайындық кезеңінде де қолдау көрсетеміз. Олар еңбек етіп, жаңа мамандықтарды үйренеді, өмірге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алады. Басты мақсат – олардың қоғамға қайта сіңісіп, өткен қателіктерін қайталамауы", – деді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.