ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, ғалым әрі қоғам қайраткері Еділ Жаңбыршин елді қуантқан жаңалығымен бөлісті. Ол “Балалар құқығын қорғау” туралы заңға маңызды өзгеріс енгізілгенін хабарлады.
Депутаттың айтуынша, енді жастардың санасын улайтын бейәдеп және дәстүрлі емес жыныстық бағыттарды насихаттайтын контент заң жүзінде қудаланатын болады.
"Бүгін Архив істер жөніндегі заң жобасының аясында еліміз үшін маңызды бір норма қабылданды. Бұл – көптен бері айтып, күресіп жүрген ЛГБТ-ға қатысты норма. Осының аясында көптеген заңдар қабылданып жатыр. Оның ішінде "Балалардың құқығын қорғау" деген заң бар. Соның 34-бабына арнайы өзгерістер енгіздік. Бұл бап "Ұлттық және әлемдік мәдениетке баулу" деп аталады. Осы баптың ішіне "Порнографиялық қатігездік пен зорлық-зомбылықты" дәріптейтін деген сөзден кейін арнайы норма ұсындық. Дәлірек айтатын болсақ, “Дәстүрлі емес жыныстық бағыттарды, педофилияны насихаттайтын" деген сөзбен толықтырдық", – деді Еділ Жаңбыршин.