Бокстан әлем чемпионы, этникалық қазақ спортшысы Салтанат Меденоваға Ресейдің жоғары спорттық атақтарының бірі – "Еңбек сіңірген спорт шебері" атағы берілді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Ресей спорт министрінің 2025 жылғы 24 қазандағы бұйрығымен Салтанат Меденоваға "Еңбек сіңірген спорт шебері" атағы берілді. Салтанат – 2025 жылғы әлем чемпионы, Ресейдің төрт дүркін чемпионы (2021, 2023, 2024, 2025), 2022 жылғы Ресей чемпионаты мен Бүкілресейлік спартакиаданың қола жүлдегері, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі (2019) және 22 жасқа дейінгі (2021) жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионаттарының жүлдегері", – делінген федерацияның ресми сайтында.
Айта кетейік, Ресей құрамасының жетекші мүшелерінің бірі саналатын Салтанат Меденова – этникалық қазақ. Бұған дейін спортшы өз сұхбаттарында ата-анасының Омбы қаласынан екенін және өзінің Орта жүз, Қыпшақ руынан шыққанын айтқан еді.