Кенияда шетелдік туристер отырған шағын әуе ұшағы апатқа ұшырап, 11 адам көз жұмды, деп хабарлайды Euronews.
Оқиға 28 қазан күні таңғы сағат 5:30 шамасында болған. Mombasa Air Safari компаниясына тиесілі жеңіл моторлы ұшақ Масаи-Мара ұлттық қорығына бет алып бара жатқан кезде апатқа ұшыраған. Әуе кемесі Диани ұшу алаңынан 40 шақырым қашықтықта құлаған.
Компанияның мәліметінше, ұшқыш ұшу кезінде байланысқа шықпаған. Әуежай диспетчерлері жарты сағат бойы ұшқышпен хабарласуға тырысқанымен, жауап ала алмаған.
Апат салдарынан 11 адам қаза тапты. Оның ішінде 8 венгриялық турист, 2 неміс азаматы және бір кениялық ұшқыш бар.
Қазір тергеу органдары апаттың нақты себебін анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жағдай кезінде Кенияның жағалау аймағында қатты нөсер жауған.
Куәгерлердің айтуынша, ұшақ жерге құлаған кезде қатты соққыдан жолаушылардың қалдықтары шашылып жатқан. Оқиға орнында құтқару және тергеу жұмыстары жалғасуда.