Танымал актриса әрі продюсер Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында қазақ киносының бүгіні мен болашағына қатысты ой бөлісіп, әріптестер арасындағы көреалмаушылықтың өнерге зиян тигізетінін ашық айтты.
Өнер иесі өзінің кино саласына алғаш келген кезінде сенім білдіріп, бағыт-бағдар берген тұлға ретінде режиссер Алмаз Малдыбаевты ерекше атап өтті.
"Киноға алғаш қадам басқан сәтімде мені сеніммен қарсы алып, жол сілтеген, шабыт берген адам – Алмаз аға Малдыбаев еді. Сол кісінің жылы сөзі мен сенімі мен үшін үлкен демеу болды. Алмаз аға – қазақ киносының діңгегі, жүйе қалыптастырған, таланттарға жол ашқан тұлға. Кино саласын тұрақтылық пен кәсібилікке, әлемдік деңгейге бағыттаған адамдардың бірі екені рас", – деп жазды Дариға Бадықова.
Актриса соңғы уақытта кино саласында орын алып жатқан түрлі пікірлер мен әділетсіз бағалауларға байланысты үнсіз қала алмайтынын жеткізді.
"Қазір түрлі әңгіме көбейіп кеткен тұста мен үндемей қала алмадым. Өйткені өнерде ең маңыздысы – әділдік пен адамдық. Бір адамның еңбегін бағаламау – тұтас саланың дамуына кедергі", – деді ол.
Бадықова атап өткендей, "Кадет" фильмі Қазақстан атынан "Оскар" сыйлығына ұсынылған алғашқы үміткерлердің бірі болған. Алайда бұл үлкен жетістік ел ішіндегі түсінбеушіліктер мен көреалмаушылықтың көлеңкесінде қалып қойған.
"Кадет" фильмі – еліміз атынан "Оскарға" жолдама алған алғашқы үміткерлердің бірі еді. Өкінішке қарай, сол қуанышты сәтті өз ішіміздегі көреалмаушылық көлегейлеп тастады. Бұл тек бір фильмнің тағдыры емес, тұтас өнерге деген көзқарасымыздың көрінісі", – деді актриса.
Жазбасын ол қазақ киносының бірлігі мен рухани жаңғыруына шақырумен түйіндеді:
"Өнерде жеңіс те, жеңіліс те – ортақ. Егер қуанбасақ, қолдамасақ, ешқашан биікке шыға алмаймыз. Қазақ киносы – біздің рухани қазынамыз, ал оны көтеру – бәріміздің борышымыз. Мен өзіме кезінде сенім артқан адамды бүгін қолдау – парыз деп білемін. Өйткені мен сенемін: қазақ киносының күші – бірлікте, болашағы – қолдауда, рухы – әділдікте", – деп жазды Дариға Бадықова.