АҚЫН ЖҮРСІН ЕРМАННЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:
Айтыс деген – майдан. Қаңғыған оқ жыршыл жүректі жаңылыспай табады. Шонжыдан қайтып келе жатып, жол үстіндегі апатта мерт болған Оразалы Досбосыновтың жаманат хабарын маған сенбі күні бозала таңда Дәулеткерей Кәпұлы жеткізді. Астанадан телефон шалып тұрған ақын бауырымның
дауысында үрей де, таңырқау да, түңілу де бар еді.
– Оразалы ініңіз сіз тұратын Тұздыбастау ауылының шет жағын мекендейтінін айтып еді. Анық көшесін білмедім. Табарсыз, – деді.
Алматының іргесінде тұрғанмен, Талғар ауданына қарайтын біздің Тұздыбастау ауылында кемінде он бес мың халық
бар. Алматыдан тұрақ таппаған Қанапия Дәрібаев, Темірше Сарыбаев, Айтақын Әбдіқалов секілді біраз ақын да сол он бес
мыңның санатында. Шалдардың күпісіндей далиып жатқан Тұздыбастаудың қай бұрышынан Оразалының қара қосын
табарсың? Нарынқолдан кәсіп іздеп келгендер төменгі жақта қоныс салып жатыр дегенді құлағым шалуы бар еді, солай
қарай жүре бердім. Ауыл жайбарақат. Әркім өз тіршілігімен әуре. Алаштың ардақ тұтқан бір боздағы өмірден өтпегендей.
Мерт болмағандай. Сұрай-сұрай, Ораздың бір кәрі апасының үйін тауып алдым. Қария кір жуып отыр екен:
– Иә, Оразжан опат болды деп хабарлап кеткен. Мына бір жиналып қалған кірді шығара салайын деп... Үйінің қайсы
екенін да анық айта алмаймын-ау мен сорлы... – Ораз ойран болып жатқанда шаруасын күйттеп үйінде отырған кейуананы
жек көріп кеттім. Қолқасы суырылғанша дауыс салып, өлімге құрмет көрсетіп, үзілген өмірге жоқтау айтатын қайран біздің шешелердің орны енді тола қоймас-ау...
Оразалының үйін өз бетімізбен тауып алдық. Қам кірпіштен – салынып жатқаны да, құлатылып жатқаны да түсініксіз қазақы жайдақ үй. Қоршауы да жоқ, аңғал-саңғал. Аңыраған ана. Жер шұқыған бауырлар. Ақылды әйелім берді:
– Қаладағы ұлымыздың үйіне барайық. Ақша тауып берсін. Оразалыны жөнелтуіміз керек қой...
Ұлымыз ойдан шықты. Зыр қағып жүгіріп, бір сағаттың шамасында әжептәуір ақша тауып әкелді. Оны Ораздың шешесінің алақанына салған соң, ақынды қоятын жер іздеуге шықтым. Күн демалыс. Басшылар жоқ. Тұздыбастау мешітінің
молдасын ертіп алып, зиратқа апарсам, қайдағы бір жықпылжырамен таудың терең қуысына кіргізіп, бір төбенің астын нұсқап:
– Бұйырған жер осы, — дейді.
– Зиратты ел жақ шетіне, анау қара жолдың бойындағы ашық алаңға неге қоймаймыз?
– Рұқсат жоқ...
Әрі-бері тәжікелесіп, көнбеген соң, ауылға қайта барып, имамның үйін тауып алдым. Бір-бірімен келісіп қойғандай:
– Рұқсат жоқ! – дейді.
Тірі Оразалыға орталықтан үй салуға рұқсат жоқ. Өлген Оразалыға қара жолдың бойында ел төбесін көріп жатуға да рұқсат жоқ! Ертең «Ой-бауырымдап» аяулы ақынның достары
келмей ме? Ел жиналмай ма? Мына таудың қиядағы қуысына кім тауып келеді?
Әкімнің бе, оның орынбасарының ба, әйтеуір билігі бар біреудің есігін қаққаным есімде:
– Қара жолдың бойынан қабір қаздырмасаң, Ораз бауырымды оң жақта он күн ұстасам да, осы қуысқа қойғызбаймын! – деймін қаным басыма шапшып.
– Сіз өзі Оразалыны кім деп тұрсыз?! Оразалы жүз жылда бір-ақ туар Алаштың арқалы
ақыны емес пе!
Сөз ұғатын кісі екен. Қара жолдың бойынан, менің Тоқтасын досым мен Серік інімнің қасынан жер кесіп берді. О, тоба, мына аруана фәни дүниеде аяулы ақыныңды жерлейтін орын тапқаның да қуандырады екен. Қуаныштың осындай да түрі болады екен!
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинді қонақта отырған жерінен тауып алдым. Оразалының ағасы Оразалин де азамат-ақ екен. Екеуіміз тізе қосқан соң, жерлеу-жөнелту шаралары реттеле бастады. Ойға-қырға шапқылап жүріп, көздің жасындай жыр жолдары тілге орала береді.
... Сенің үйің үйлердің шеткісі еді,
Түнгі мейман шеткі үйге кеп түседі.
Домбыраңды әлдилеп жүргеніңде
Домбыраңның үзіліп кетті шегі.
... Сөзден соғам деп жүріп зор мұнара,
Сорың қайнап қалды ғой,
Сорлы бала!
Талантты өзі жаратып тәңіріміз,
Сол таланттың алдына тор құра ма...