Қазақ боксшысы Бек Нұрмағанбет мексикалық Сауль "Канело" Альварестің жаттығу лагеріндегі дайындықтары туралы айтып берді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
"Өзімді мақтағым келмейді, бірақ спаррингтерде айтарлықтай ілгерілеу бар. "Канело" мен Мунгиямен 10-12 раундтық спаррингке шығатын жігіттер бар. Солармен жұдырықтасқанда мен басым түсіп жатамын. Кейде өзім де ойланып қаламын: егер мен олардан мықты болсам, демек, менің деңгейім жоғары болғаны ғой", – дейді Нұрмағанбет.
Журналистің "Канеломен неге спарринг өткізбедің?" деген сұрағына спортшы күтпеген жауап берді.
"Бір рет спарринг өткіздік. Содан кейін маған қайта шығуға рұқсат бермеді. "Жарақаттап қоюың мүмкін" деді", – дейді Бек күліп. "Қатты соққы тигіздің бе?" деген сұраққа ол: "Білмеймін, бірақ оған жайсыз тиген болуы мүмкін", – деп жауап берді.
Айта кетейік, Бек Нұрмағанбет – бірнеше жылдан бері Сауль Альварестің командасының мүшесі. Оның кәсіби мансабын әлемге әйгілі бапкер Эдди Рейносо басқарады.