Чемпион әрі 5 баланың анасына ерекше сыйлық табыс етілді (ФОТО)

28 қазан, 2025 / Ахмет Қанатұлы
t.me/olimpicgames_Kazteamfan. Суретте: Әйгерім Сәттібаева

Жамбыл облысының спорт федерациясы бокстан Қазақстан чемпионы, көпбалалы ана Әйгерім Сәттібаеваны аймақ спортының дамуына қосқан үлесі мен жоғары жетістіктері үшін марапаттады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Әйгерім Сәттібаева алғаш рет Қазақстан чемпионы атағын 2010 жылы иеленген болатын. Кейін спорттан уақытша қол үзіп, отбасына және бала тәрбиесіне ден қойды. Бүгінде ол бес баланың анасы – төрт қыз және бір ұл тәрбиелеп отыр. 15 жыл үзілістен соң рингке қайта оралып, 2025 жылы Семей қаласында өткен ел чемпионатында тағы да жеңімпаз атанды.

Спортшының айтуынша, бокске қайта оралуына ең алдымен жанұясының қолдауы себеп болған. Әйгерім рингке қайта шығуға бел буар алдында қайын атасынан бата алғанын, оның сенімі өзіне күш бергенін айтты.

2024 жылы Әйгерім Сәттібаева Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Ал келесі жылы Қазақстан чемпионатында топ жарып, өзінің спорттағы жоғары деңгейін тағы да дәлелдеді. Осы табыстары үшін оған "Облыс алдындағы еңбегі үшін" төсбелгісі табыс етілді.

Тэгтер:

Бокс Әйгерім Сәттібаева