Түркістан өңірінің спортшылары халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап келеді. Соның жарқын дәлелі – Сербияның Нови-Сад қаласында өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында әйелдер күресінен топ жарған әлем чемпионы Шұғыла Өмірбек. 55 келі салмақ дәрежесінде белдескен Шұғыла финалда түрік балуаны Туба Демирді 12:8 есебімен жеңіп, Қазақстанның көк байрағын биікке көтерді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Жеңімпаз балуанның ерен жетістігі ел назарынан тыс қалған жоқ. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров чемпионды арнайы қабылдап, зор құрмет көрсетті.
"Сіздерді тарихи жеңіспен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – тек Шұғыланың жеңісі емес, бүкіл еліміздің және Түркістан өңірінің мақтанышы. Бұл – үздіксіз еңбек пен жоғары дайындықтың нәтижесі. Сонымен қатар бұл жетістік – облыста спорт инфрақұрылымын дамыту, дарынды спортшыларды қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстың жемісі. Болашағы жарқын спортшыларды қолдау – біздің басты міндетіміз. Енді бұл жеңісті жол Олимпиада төрінде жалғасады деп сенеміз", – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Салтанатты жиында өңір басшысы чемпионға алғыс хат пен жаңа автокөліктің кілтін табыс етті. Ал Шұғыланың жеке бапкері Нұржігіт Ерімбетов те марапаттан тыс қалған жоқ – оған алғыс хат және қаржылай сыйақы табысталды. Сондай-ақ Әбдісалан Нұрмаханов атындағы спорт мектебінің директоры Дәурен Тәңірбергенов те алғыс хатпен марапатталды.
Өз кезегінде Шұғыла Өмірбек пен бапкері облыс басшылығына ризашылықтарын білдіріп, алдағы басты мақсат – Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көріну екенін атап өтті. Қазір олар дайындықты күшейтіп, жаңа белестерге ұмтылуда.
Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан облысында әйелдер күресі қарқынды дамып келеді. Өңірдің бұрымды балуандары Азия чемпионаттарында 17 медаль, ал әлем біріншіліктерінде 5 медаль еншілеген.