Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт әлеуметтік желідегі парақшасында көптен күткен жағымды жаңалығымен бөлісіп, елдің мәдениет және өнер саласындағы тұлғаларының еңбегі лайықты бағаланып жатқанын қуана жеткізді.
Өнер мен мәдениетті жоғары бағалайтын депутат елдің талантты тұлғаларының еңбегі еленіп жатқанын айтып, қуанышын жасыра алмады:
“Өнер – бағалауды қажет ететін нәзік құбылыс. Кейінгі жылдары біршама өнер майталмандары көптен күткен марапаттарына қол жеткізіп жатқаны шындық ( кейбір түсініксіздіктерді есепке алмасақ). Қазақтың Қайраты (Байбосынов) бастаған саңлақтардың марапаты, Меруерт апам (Өтекшова), Секен аға, Дулыға мен Рамазан ағаларым, Айгүл Қосанованың өз алған атақтарына лайық деудің өзі аз секілді... Шүкір. Қазақ қоғамы шынайы дарындарға тиісті бағасын беріп жатыр", – деп жазды ол.
Ринат Зайыт өз жазбасында театр сахнасының көрнекті өкілі, әріптесі әрі досы Әсет Иманғалидың Республика күні қарсаңында «Мәдениет қайраткері» атағын иеленгенін ерекше атап өтті.
"Ерекше атап айтқым келетіні актёр-ұстаз, сахна серкесі, досым Әсет Иманғали Республика күні қарсаңында "Мәдениет қайраткері" атағына ие болды. Әсет – театрдың төл перзенті. 20 жыл театрда, соған шамалас уақыт өнер академиясында талмай тер төгіп жүрген аса дарынды тұлға. Әсет досым, еңбегің лайықты бағасын алған күнің құтты болсын! Жасай бер", – деді депутат.
Сонымен қатар депутат мәдениет пен өнерге үлес қосып жүрген барша азаматтарға ризашылығын білдіріп, әділ бағалау дәстүрі жалғаса берсін деген тілегін қосты.
"Мәдениет қайраткерлерін беттен қақпай бағалап жатқан барлық азаматтарға бас иіп, алғыс айтамын. Әділдіктің үстемдігі өнерден басталса, сапарымыз ұзақ болары анық. Мереке қарсаңында еңбегі еленген барлық тұлғаларды шын жүректен құттықтаймын. Қазақ мәдениеті өркендей бергей", – деді Ринат Зайыт.