Абай облысы Аягөз ауданы әкімінің орынбасары болып әйгілі балуан, "Қазақстан барысы" турнирінің екі дүркін жеңімпазы Айбек Серікболұлы Нұғымаров тағайындалды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Айбек Нұғымаров 1987 жылдың 3 маусымында Абай облысы Құндызды ауылында дүниеге келген. Ол Семей политехникалық колледжін "Заңгер" мамандығы бойынша, Семей мемлекеттік педагогикалық институтын "Дене шынықтыру" мамандығы бойынша және Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін "Құқықтану" мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде құқықтану магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2010 жылы ШҚО Олимпиадалық резервтегі №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы-оқытушы болып бастаған. 2013-2019 жылдары ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты жоғары спорт шеберлігі мектебінде аға нұсқаушы-әдіскер қызметін атқарды.
2019 жылдан бастап Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры қызметін атқарған.
Сондай-ақ, Қазақ күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, "Дзюдо" бойынша спорт шебері, "САМБО" бойынша спорт шебері. Қазақ күресінен он дүркін Қазақстан чемпионы, төрт дүркін Азия чемпионы, "Әлем Кубогының" үш дүркін иегері, Қазақ күресінен Әлемнің төрт дүркін чемпионы, "Еуразия Барысы" халықаралық турнирінің төрт дүркін чемпионы, "Әлем Барысы" халықаралық турнирінің үш дүркін чемпионы, "Қазақстан Барысы" турнирінің екі дүркін чемпионы.
Сонымен қатар, ол "AMANAT" партиясының Саяси кеңесінің және республикалық саяси кеңестің мүшесі, VII және VIII шақырылымдағы Абай облыстық мәслихаттың депутаты болған. Айбек Нұғымаров ел спортына сіңірген еңбегі үшін бірқатар мемлекеттік марапаттар мен жоғары дәрежелі наградаларға ие.