2025 жыл спорт тарихындағы қаржылық рекордтармен есте қалды. Әлемдегі ең көп табыс тапқан 50 спортшы жалпы $4,23 млрд пайда көрсе, соның $1,04 млрд-ы спорт алаңынан тыс жерлерден түскен. Яғни жарнама, инвестиция, бизнестен түскен табыс спортшылар үшін табыстың жаңа көзіне айналып отыр, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Карри мен Охтани – жарнамадан 100 млн доллар тапқандар
2025 жылы алғаш рет екі спортшы — баскетболшы Стефен Карри мен бейсболшы Сехей Охтани — тек жарнама мен серіктестік келісімдерінен 100 млн доллардан астам табыс тапты. Бұл рекордтық көрсеткішке бұрын тек Конор Макгрегор, Роджер Федерер және Тайгер Вудс сияқты аңыз тұлғалар ғана жеткен болатын.
Стефен Карри – бизнесте де MVP
Карридің Under Armour компаниясымен серіктестігі оны нағыз бренд иесіне айналдырды. Curry Brand жеке бренді $28 млрд-қа дейін өсті. Ол компаниядан акция түрінде $75 млн алып, өмірлік келісімшартқа отырды. Сонымен қатар, Карри әйелдер баскетбол лигасына инвестиция салды.
Сехей Охтани – жарнама арқылы байыған жапон жұлдызы
Охтани "Лос-Анджелес Доджерс" клубымен $700 млн келісімшартқа қол қойса да, 2025 жылы алаңдағы табысы небәрі $2 млн болды. Бірақ жарнама келісімдері арқылы $100 млн пайда тауып отыр. Оған New Balance, Beats by Dre, Seiko және басқа да 20-дан астам компания демеушілік етеді.
Леброн Джеймс – табыс пен инвестиция шебері
$85 млн табыстың көп бөлігі Nike, PepsiCo, AT&T, Walmart сияқты алпауыттармен келісімшарттан келді. Сонымен қатар, Леброн Beats by Dre, Blaze Pizza және Liverpool клубына инвестиция салған.
Месси мен Роналду – жарнамалық бәсекелестік
Месси Adidas-пен өмірлік келісімге отырып, жылына $21–27 млн табады. Сонымен қатар, PepsiCo, Lay’s, Gatorade және Apple компанияларымен серіктес. Ал Криштиану Роналду Instagram желісіндегі ең табысты тұлға – бір жарнама жазбасынан €3,3 млн табады. Оның CR7 брендінен де мол пайда түсіп отыр.
Кевин Дюрант – спортшы және инвестор
$50 млн табыстың бір бөлігі Nike, Google, Gatorade, FanDuel сияқты компаниялардан келсе, екінші бөлігі 80-ге жуық стартапқа салған инвестициядан түсуде. Сонымен қатар, Дюрант футбол клубтарына иелік етеді.
Тайгер Вудс пен Рори Макилрой – гольфтан тыс табыс иелері
Вудс пен Макилрой спорттан тыс ортада да серіктестік жобалар арқылы табыс тауып отыр. Олар TMRW Sports стартапына $500 млн қаржы тартты. Вудс бұрынғыдай Nike-пен емес, American Express, EA Sports, Rolex сынды брендтермен жұмыс істеуде.
Яннис, Неймар, Шеффлер – табыс үштігі
Грек жұлдызы Яннис Адетокунбо (Nike, JBL), гольф шебері Скотти Шеффлер (Nike, Rolex) және футболшы Неймар (PUMA, Red Bull) да спорттан тыс табыстары арқылы тізімге енді.
2025 жылы спорт тек физикалық күш пен шеберлік емес, қаржылық сауат пен іскерлік қабілеттің аренасына айналды. Миллиондаған табысты тек ойыннан емес, жарнама, бренд және инвестиция арқылы табатын жаңа буын спортшылар қалыптасуда. Олар — ХХІ ғасырдың нағыз спорттық кәсіпкерлері.