Алматыда мерзімді әскери қызметке шақырылған 22 жастағы Нұрасыл Әнуардың қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Ол әскер қатарына қосылғанына небәрі бір апта болғанда қайтыс болған.
Желіде марқұмның биылғы 24 ақпанда жазған соңғы хаты тарады. Онда Нұрасыл өз армандары мен мақсаттарын ақ қағазға түсірген. Жас жігіт әкесіне көлік алып беруді, жүргізуші куәлігін иеленуді, үйді жөндеп, жаңа телефон сатып алуды армандаған. Ол бар болғаны жақындарын қуантуды көздеп, болашағына сеніммен қараған.
Туыстарының айтуынша, Нұрасыл 2025 жылдың 27 қыркүйегінде әскер қатарына шақырылған. Ол Отан алдындағы борышын өтеуді үлкен мақтаныш деп санап, елге адал қызмет етуді басты парызы ретінде қабылдаған.
"Біз оны жібергіміз келмеді, бірақ өзі қатты ниеттенді. “Бұл – менің парызым, ер азаматтың міндеті” деп үлкен сеніммен кетті", – дейді марқұмның туыстары.
Ресми деректерге сәйкес, сарбаздың өліміне менингококцемия себеп болған деп көрсетілген. Алайда отбасы бұл нұсқаға күмәнмен қарайды.
"Нұрасыл әскерге дейін де, барған соң да сау, сергек, көңілді еді. Таңертеңнен бері баламыздың денесін де көрсете алмай отырмыз. Ол өте мейірімді, өмірге құштар жігіт болатын. Оның қазасы — біздің отбасымыз үшін орны толмас қайғы", – деп көзіне жас алды туыстары.