5 баланың анасы боксшы Назым Қызайбайды басып озып, құраманың үздігі атанды

Бүгін, 11:34 / Ахмет Қанатұлы
instagram/aigerimaskarova91. Суретте: Әйгерім Сәттібаева

Қазақ боксшысы Әйгерім Сәттібаева Семейде өткен бокстан Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткеннен кейін өз әсерін бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

"Әр жекпе-жегім оңай болған жоқ. Балаларым мен отбасымның үмітін ақтағаныма өте қуаныштымын. Он бес жыл үзілістен кейін Қазақстан чемпионатын ұтып отырмын. Бұл мен үшін үлкен толқу сәті", – деді Әйгерім Сәттібаева.

Боксшының айтуынша, чемпионатқа қатысу үшін ол Таразда 51 келі салмақта үш кездесу өткізіп, жеңіске жеткен. Бұл ұлттық біріншілікке дайындықтың алғашқы кезеңі болған. Кейін жеке бапкерімен бірге екі апталық оқу-жаттығу жиынын өткізген.

"Мен екі жылдан бері Қазақстан құрамасындамын. Біздің салмақта бұрын бірінші нөмір Назым Қызайбай еді. Ол кеткен соң, мен сол орынды иелендім. Осы екі жыл ішінде бір де бір оқу-жаттығу жиынын жібермей, барлық турнирге қатысып келемін. Бас бапкер Елдос Сайдалин қайда бағыттаса, сонда бардым. Енді өзімді толық дайынмын деп есептеймін", – деді Әйгерім.

Айта кетейік, финалда Әйгерім Сәттібаева 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алматылық спортшы Анель Құдайбергенді 5:0 есебімен жеңіп, алтын медаль иегері атанды.

Тэгтер:

Бокс Назым Қызайбай Әйгерім Сәттібаева