Боксшы Алуа Балқыбекова әскери ант қабылдап, қатардағы жауынгер атанды

Боксшы Алуа Балқыбекова әскери ант қабылдап, қатардағы жауынгер атанды

фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. Суретте: Алуа Балқыбекова

Алматыда Қорғаныс министрлігіне қарасты Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубында әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шараға белгілі спортшылар да қатысты, олардың қатарында бокстан екі дүркін әлем чемпионы Алуа Балқыбекова бар, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, әскери ант қабылдау – спортшының өмірі мен мансабындағы маңызды кезең.

«Погон тағып, Қарулы күштер қатарында қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе. Армия орталық спорт клубында болу маған спорттық тұрғыда өсіп, Қазақстанды әлемдік ареналарда танытуға мүмкіндік берді», – деді Алуа Балқыбекова.

Айта кетейік, Алуа Балқыбекова биыл наурыз айында Сербияның Ниш қаласында өткен әлем чемпионатында 50 келі салмақта алтын медаль жеңіп алған. Ал екінші әлемдік титулын қыркүйекте Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен жарыста иеленді.

Сондай-ақ әскери ант қабылдағандардың қатарында қазақ күресінен Азия чемпионатының жүлдегері, республикалық додалардың екі дүркін жеңімпазы және V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Бақыт Құсақбаева да бар.

Рәсім соңында Алуа Балқыбекова мен Бақыт Құсақбаеваға қатардағы жауынгер әскери атағы табыс етілді.