Финалға бір қадам қалды: Бізді тартысты жартылай финалдық бәсекелер күтіп тұр

Бүгін, 12:46 / Ахмет Қанатұлы
t.me/boxing_kazakhstan. Суретте: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы

Семей қаласында бокстан Қазақстан чемпионатының жартылай финалдық кездесулері басталуға жақын, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Күндізгі сессия сағат 14:00-де, ал кешкі сессия 18:00-де өтеді.

Күндізгі сессия (14:00)

60 кг (4-жұп)
Жексен Бейбарыс (Жамбыл облысы) / Дәулет Молдашев (Абай облысы)
Бұл екі спортшы бұрын кездеспеген. Жексен фаворит саналғанымен, Дәулеттің артықшылықтары бар: ол — былтырғы ел чемпионы және өз жерінде өнер көрсетіп жатыр. Оның үстіне, ширек финалда қарсыласын бірінші раундта-ақ жеңіп шыққан.

60 кг (5-жұп)
Оразбек Асылқұлов (Ақмола облысы) / Серік Теміржанов (Павлодар облысы)
2020 жылғы ел чемпионатының финалында осы екі боксшы кездескен, сол кезде Серік жеңіске жеткен. Биыл да екеуі жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр.

70 кг (7-жұп)
Фарух Тоқтасынов (Алматы қаласы) / Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (Түркістан облысы)
Фарухтың физикалық төзімділігі мен Мұхаммедсабырдың раунд сайын үдей түсуі бұл жұпты ең қызықты кездесулердің біріне айналдырмақ.

80 кг (9-жұп)
Санжар-Али Бегалиев (Шымкент қаласы) / Диас Молжігітов (Жамбыл облысы)
Санжар-Али ширек финалда сенсация жасаған еді, алайда бұл жолы қарсыласы – Азия чемпионатының күміс жүлдегері Диас. Бұл жұпта Диас фаворит саналады.

Кешкі сессия (18:00)

55 кг (3-жұп)
Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда облысы) / Бексұлтан Боранбек (Жамбыл облысы)
Бексұлтан алғаш рет ересектер арасындағы ел чемпионатында жүлдегер атанған. Дегенмен, Нұрсұлтанның тәжірибесі көбірек.

65 кг (4-жұп)
Ертуған Зейнуллинов (Алматы облысы) / Илья Калинин (Жамбыл облысы)
Ертуған әзірге еш қарсыласынан осалдық танытқан жоқ. Дегенмен, Ильямен өтетін кездесу оның шыдамдылығын сынайтын ауыр жекпе-жек болмақ.

75 кг (6-жұп)
Сабыржан Аққалықов / Аман Қонысбеков (Түркістан облысы)
Сабыржан өз қарсыластарын сенімді түрде жеңіп келе жатыр. Бірақ Аманның ауыр соққылары тартысты айқас сыйлауы мүмкін.

85 кг (8-жұп)
Дәулет Төлемісов (Ақтөбе облысы) / Бекзат Таңатар (Шымкент қаласы)
Әлем кубогының жеңімпазы Дәулет Төлемісов ел чемпионатының алтын жүлдесіне үміткер. Алайда Бекзаттың да қарсыласқа оңайлықпен берілмейтіні анық.

55 кг (9-жұп)
Тимур Қабдешов (Ақмола облысы) / Сәкен Бибосынов (Түркістан облысы)
2020 жылы Шымкенттегі чемпионатта Сәкен жеңіске жеткен. Бұл жолы да тартысты айқас күтілуде. Тимурдың қабағындағы жарақат оған кедергі келтірмесе, нәтиже күтпеген болуы мүмкін.

+90 кг (11-жұп)
Аслан Еділбайұлы (Қызылорда облысы) / Даниал Сапарбай (Түркістан облысы)
Ауыр салмақта ағайынды Сапарбайлардың финалға қайта шығу мүмкіндігі бар. Дегенмен, Асланның қарқыны жоғары, сондықтан айқас қызықты өтеді деп күтілуде.

Мәліметтер Қанат Әл-Дивани Facebook парақшасынан алынды.

Тэгтер:

Бокс жартылай финал Мұхаммедсабыр Базарбайұлы