Елена Рыбакина бір маусымда екінші рет чемпион атанды

Бүгін, 16:49 / Ахмет Қанатұлы
Hermann Chu/Eurasia Sport Images/Getty Images. Суретте: Елена Рыбакина

Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина Қытайдың Нинбо қаласында өткен WTA 500 санатындағы турнирдің финалында жеңіске жетіп, чемпион атанды, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Әлемдік рейтингте 9-орында тұрған Елена Рыбакинаның финалдағы қарсыласы – Ресейдің 4-ракеткасы, әлемнің 10-ракеткасы Екатерина Александрова болды.

Кездесу үш сетке созылып, тартысты өткен матчтың қорытындысы бойынша Елена Рыбакина 3:6, 6:0, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Теннисшілер кортта екі сағатқа жуық ойнады. Осы ойында Елена 11 эйс жасап, үш қосар қателік жіберді және 10 брейк-пойнттың төртеуін сәтті орындады.

Осылайша Қазақстанның бірінші ракеткасы турнирдің жеңімпазы атанып, 500 рейтингтік ұпай еншіледі. Ал жаңартылған әлемдік рейтингте Рыбакина екі саты жоғары көтеріліп, әлемнің жетінші ракеткасы атанбақ.

Бұл – Елена Рыбакина үшін биылғы маусымдағы екінші финал. Бұған дейін ол мамыр айында Францияның Страсбург қаласында өткен WTA 500 турнирінде топ жарған еді. Ал қатты жабынды кортта Елена Рыбакина соңғы рет 2024 жылдың ақпанында Абу-Дабиде жеңіске жеткен болатын.

Тэгтер:

Елена Рыбакина Теннис