Сүйінші, ағайын! Нартай Аралбайұлы бар қазақты қуантатын жаңалығын айтты (ВИДЕО)

17 қазан, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Мәжілістің баспасөз қызметі. Суретте: Нартай Сәрсенғалиев

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев бапкерлердің әлеуметтік жағдайына қатысты маңызды жаңалықпен бөлісті, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Ол бұл туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Депутаттың айтуынша, қыркүйек айында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауал нақты нәтижесін берді. Үкімет спорт саласы қызметкерлерінің еңбекақысын өсіру жөніндегі ұсынысты қабылдады.

"Айтылды – орындалды. Бапкерлердің жалақысы 30% өседі! ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің атына қыркүйекте депутаттық сауал жолдадым! Нақты ұсыныстар енгіздім, орындалды", – деп жазды Нартай Сәрсенғалиев.

Ресми жауапқа сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жаттықтырушы-оқытушыларына біліктілік шеберлігі үшін лауазымдық жалақысына 30% көлемінде қосымша ақы төленеді.

Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін 2025-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 1,8 млрд теңге қарастырылып, Республикалық бюджеттік комиссияның (РБК) шешімімен мақұлданған.

Депутат ауылдық жерлерде жұмыс істейтін спорт мамандарының да еңбекақысын арттыру қажеттігін көтерген болатын.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстық әкімдіктер жергілікті бюджет есебінен спорт саласы қызметкерлеріне үстемеақы тағайындауға, сондай-ақ ауылдық жерде жұмыс істейтін спорт мамандарына лауазымдық жалақының кемінде 25%-ын құрайтын көтеріңкі ақы төлеуге мүмкіндік берілді", – делінген Үкіметтің ресми жауабында.

Тэгтер:

бапкер депутат Нартай Сәрсенғалиев