Әлем чемпионының жекпе-жегі таңғаларлық нәтижемен аяқталды

17 қазан, 2025 / Ахмет Қанатұлы
instagram.com/temirtaszhussupov. Суретте: Теміртас Жүсіпов

Тәжірибелі қазақ боксшысы Теміртас Жүсіпов Семейде өтіп жатқан ел чемпионатының 1/8 финалындағы жекпе-жегін сәтті аяқтады, деп хабарлайды Sportinside.kz.

50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ақмола облысының атынан сынға түскен Теміртас Жүсіпов Астана қаласының өкілі Асхат Жүсіповпен кездескен. Қарсыласқа қарсы тартысты өткен жекпе-жекте Теміртас төрешілердің шешімімен (3:2) жеңіске жетті.

Бірінші раундта тәжірибелі боксшы айқын басымдық танытса, екінші кезеңде 3:2 есебімен алға шыққан. Алайда соңғы раундта 0:5 есебімен ұтылып қалғанымен, жалпы нәтиже бойынша келесі кезеңге өтті.

37 жастағы Теміртас Жүсіпов – бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, 2019 жылғы әлем чемпионы және екі дүркін Азия чемпионы. Биылғы ел біріншілігінде ол алғашқы жекпе-жегінде Шымкенттен келген Біржан Нұрымбетовті 5:0 есебімен айқын жеңген болатын.

Тэгтер:

Бокс Теміртас Жүсіпов