Қазақтың танымал боксшысы Сәкен Бибосынов Семейде өтіп жатқан Қазақстан чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Түркістан облысының атынан өнер көрсетіп жүрген Сәкен Бибосынов 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Абай облысының боксшысы Нұрахмет Берікболовпен кездесіп, төрешілердің бірауыз шешімімен – 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Сәкен келесі айналымға өтті, ал қарсыласы турнирден шығып қалды.
Айта кетейік, Сәкен Бибосынов – 2021 жылғы әлем чемпионы, 2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері.
Биылғы Қазақстан чемпионаты алғаш рет World Boxing ұйымының жаңа ережелері мен салмақ категориялары бойынша өтіп жатыр. Дода 21 қазанға дейін жалғасады.