Елдегі ащы шындықты айтқан режиссерді қудалап жатыр (ФОТО)

16 қазан, 2025 / Ахмет Қанатұлы
Offside.kz коллажы

Танымал режиссер Рүстем Омаров қалың көпшілікке жағымсыз хабарды жеткізді, деп хабарлайды Sportinside.kz.

Жақында отандық футболдың шындығын бейнелейтін "Offside" сериалын жарыққа шығарған режиссер Рүстем Омаровқа қысым көрсетіліп жатыр. Күні кеше YouTube желісіне аталмыш сериалдың 1-бөлімі шыққан еді. Алайда бүгін бұл сериалдың алғашқы бөлімін желіден алып тастады.

Сондай-ақ сериалдың режиссері Рүстем Омаровтың Instagram желісіндегі ресми парақшасы бұғатталып қалды. Сонда да режиссер әлеуметтік желіде тағы бір парақшасын ашып, онда елең етерлік жазба жариялады.

"Болды, мені бұғаттап тастады! Мен түсіндім – бұл елде футболдағы жағдайдың бұрынғы қалпында қалуын қалайтын адамдардан асқан қауіпті ешкім жоқ екен. Біз бұған дейін құмар ойынға тәуелділік, есірткіге тәуелділік, жыныстық құлдық, мектептегі буллинг, әкімдіктердегі сыбайлас жемқорлық, алаяқтық сияқты тақырыптарды көтердік. Бірақ дәл осындай көлемдегі шабуылға бірінші рет тап болдық – ол тек футболдағы проблемалар туралы сөз қозғағаннан кейін болды", – деп жазды Рүстем Омаров.

"Offside" – Қазақстан футболының ішкі әлемін баяндайтын кино. Сюжет ортасында – бұрынғы белгілі футболшы, қазіргі жаттықтырушы өз командасын әділ жолмен чемпионатта жеңіске жеткізуге тырысады. Бірақ жолында сыбайлас жемқорлық, келісілген ойындар және түрлі қиындықтар кедергі болады.

Тэгтер:

Рүстем Омаров OFFSIDE сериал