Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Мұхамеджан Сейсен Солтүстік Македониямен өткен (1:1) ойында жарқын ойынымен көзге түсіп қана қоймай, матчтан кейін айтқан әзіл сөзімен де ел назарын аударды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
Еуропадағы шиеленісті ойыннан соң қақпашы өзіне тән қарапайым мінезі мен жамбылдық әзілін көрсетті.
"Мен Жамбылдың жігітімін ғой. Бізде бұл қанымызда бар. Әкем де, атам да ат үстінде өскен адамдар. Қазір қақпашыларға көлік сыйлап жатыр ғой, ал маған жылқы берсе – соның өзі жеткілікті!" – деп күліп жауап берді Сейсен.
Бұл сәт әлеуметтік желілерде тез таралып, жанкүйерлер футболшының қарапайым әрі шынайы болмысына жылы пікірлер қалдырды.
Солтүстік Македония мен Қазақстан арасындағы кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Бұл ойыннан кейін Қазақстан құрамасы 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде тағы бір ұпайға ие болды.
Жеті тур қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 7 ұпаймен J тобының төртінші орнында тұр.
Келесі матчта Талғат Байсуфиновтың шәкірттері 15 қарашада Астанада Бельгия құрамасын қабылдайды.