"Көзге жас келеді": Әскерге аттанған жігіттің отбасына жазған хаты жүректі елжіретті

13 қазан, 2025 / Admin
Arasha.kz коллажы

Желіде тараған бір жас жігіттің WhatsApp-тағы отбасы чатына жазған хаты көпшілікті толқытты.

Әскерге аттанар алдында ол ата-анасы жалғыз қалмасын деп, достарының байланыс нөмірлерін жазып қалдырған. Әр досының қандай жағдайда көмектесе алатынын да егжей-тегжейлі көрсеткен.

Бұл суретте жас жігіт ата-анасына достарының байланыс нөмірлерін қалдырған.

"Бахтиярдың нөмірі – үйдің маңында тұрады, ары-бері көтерісетін заттар болса айтыңдар", "Санжардың нөмірі – телефон, ноутбук, құжат, машина жөндеуді біледі", "Жанарыстың нөмірі – көлік керек болсағ алдын ала айтыңдар", "Қажымұқанның нөмірі – кез келген өтініш бойынша көмектеседі", "Оралхан – Жетісайдан, үйде бірдеңе сынып жатса, айта беріңдер, күнде жұмыста, бірақ алдын ала ескерткен жөн", – деп жазған жас жігіт өз отбасы чатында.

Бұл жазбаны Threads желісінде Айзада есімді қыз бөлісіп, оның бауыры әскерге кетіп бара жатқанын жазған.

"Бауырым әскерге аттанды. Ата-анамызға қарайлассын деп достарына осылай тізіп қалдырды. Көзге еріксіз жас келеді…" – деп бөлісті ол.

Жазба қысқа уақытта-ақ мыңдаған қаралым жинап, жүздеген жылы пікірге себеп болды. Желі қолданушылары жас сарбаздың адамгершілігі мен жауапкершілігіне риза болып, жылы лебіздерін білдірді.

"Мұндай қамқор ұлға бәріміз тілекшіміз! Аман-есен оралсын!", "Ата-анасын ойлаған нағыз ер азамат!", "Мұндай бауырмал, жауапты ұл сирек. Тезірек елге аман келсін!", "Осындай ұлды тәрбиелеген ата-анасына бас иемін!", – деп жазды желі қолданушылары.

Тэгтер:

әскер сарбаз